CaspianLife, 06 тамыз — Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының қызметкерлері бекіре тұқымдас шабақтардың кезекті партиясын өзенге жіберді. Процесті ихтиолог мамандар мен балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлерінен құрылған арнайы комиссия мұқият бақылады.
Қортпа, бекіре, сүйрік және шоқыр балықтарының шабақтарын өзенге жіберуге дайындық жұмыстары ерте көктемде басталған еді. Уылдырықты ұрықтандырудан бастап оның шабаққа айналуына дейінгі процесс күні түні зауыт мамандарының бақылауында болды. Құнды балықтардың қорын сақтап қалу үшін қыруар іс тындырып отырған зауытта шешімін күткен мәселе аз емес. Соның бірі – реконструкция жасау.
Бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын қолдан өсіріп, табиғи ортасына жіберу – олардың популяциясын сақтап қалудың бірден бір жолы. Өкінішке қарай, ихтиологтардың сөзінше, өзенге жіберілген 3,5 млн шабақтың тек 1%- ы ғана тірі қалып, өсіп-өнетін көрінеді.