CaspianLife, 05 тамыз — Атырауда есірткі тасымалдаумен айналысқан қос полицейге үкім шықты. Сот олардың әрқайсысын 7 жылға бас бостандықтарынан айырды.
Сотталушылар қылмыс жасаған кезде әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері болған. Шендері майор және капитан. Сот үкімімен екеуі де шендерінен айырылып, көлік мемлекет пайдасына тәркіленді.
Оқиға биылғы жылдың 14 ақпанында «Атырау-Доссор» тас жолының бойында болды. Әкімшілік полиция басқармасының екі қызметкері өсімдік тектес затты автокөлік ішіндегі мотоцикл шинасына жасырып тасымалдаған. Сараптама қорытындысы оның марихуана екендігін дәлелдеді. Тәркіленген есірткі сот үкімімен жойылды.