CaspianLife, 26 шілде — Бұрынғы министр Елжан Біртанов 14 қыркүйекке дейін үй қамауында болады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының соты елорданың мамандандырылған тергеу сотының 14 шілдедегі Біртановтың үй қамауында болу мерзіміне қатысты қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Судья Элеонора Оңғарсынова қорғаудың барлық дәлелдерін дәрменсіз деп таныды.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 107-бабы 7-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа ала отырып, алқа судьясы: Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2021 жылғы 14 шілдедегі күдікті Біртановтың үйқамақта болу мерзімін қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде екі айға санкциялау туралы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырылмайды. Қаулы түпкілікті болып табылады, шағымдануға жатпайды», – деді судья Оңғарсынова.
Бұған дейін экс-министр Елжан Біртановтың адвокаттары күдіктінің үйқамақта болу мерзімін ұзарту туралы сот қаулысына жеке шағым берген болатын. Олар Нұр-Сұлтан мамандандырылған тергеу сотының судьясы Алмат Бабатовтың 2021 жылғы 14 шілдедегі шешімімен келіспейтінін білдірді. Біртановтың үй қамау мерзімі 14 қыркүйекке дейін ұзартылған болатын. Соған байланысты қорғаушылар Біртановты үй қамауынан босатуды сұрады.