CaspianLife, 7 шілде — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Оливер Стоунның сегіз сағаттық » Qazaq. Алтын адамның тарихы» атты деректі фильмінде Рахат Алиев туралы сұрақтарға жауап берді.
«Бұл менің үлкен қателігім. Ол қаржы полициясының басшысы болды. Соны пайдаланып, ол бизнесті қысып, олардан ақша жинаған. Мен оған «тоқта» деп ескерттім. Елестетіп көріңізші, менің күйеу балам. Үш немерем бар кішкентай. Менің қызым үш баласымен бірге маған келді. Бірақ мен не істей аламын. Ол қылмыскер ғой, — деді Тұңғыш Президент.
Оливер Стоун бұл жағдайды ол үшін қаншалықты ауыр болғанын сұрады.
«Өте ауыр болды. Басқа біреу болса соншалықты қиын болмас па еді. Ал мұнда сүйенетін, сенім артатын адамың» — деп жауап берді Елбасы. Сондай-ақ бұл тақырыпты талқылағысы келмейтін Дариға Назарбаеваны да түсінетінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев туыстарының Рахат Әлиевтің ісіне деген көзқарасы туралы да айтып берді.
«Неліктен адамдар менің үш немеремнің әкесін түрмеге отырғызғанымды ұмытып кетті? Олар маған анасымен бірге жылап келмеді деп ойлайсыз ба? Келді. Мен уайымдамады деп ойлайсыз ба? Әрине, уайымдадым. Бірақ бұл жағдайдың тым шектен шыққанын көргенде тоқтай алмадым. Туыстарым да жиналып «Істі жабу, бәрі сенің қолыңда ғой» деп райымнан қайтаруға тырысты. Мен оларға мінсіз адам болмайтыны, бәрі бірдей жауап беру керек екенін ескерттім», — деді Елбасы.
Еске сала кетейік, Рахат Әлиев Дариға Назарбаеваның күйеуі. 2007 жылға дейін ол Австрияда елші қызметін атқарды. Қазақстанда бірқатар ауыр қылмыстар, соның ішінде Отанға опасыздық жасады, мемлекеттік төңкеріс жасады деген айыппен жалпы алғанда 40 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі сырттай шығарылды, өйткені Әлиев 2007 жылдың көктемінен бастап шетелде жасырынып жүрді.
Австрияның құқық қорғау органдары Рахат Әлиевті 2014 жылдың 5 маусымда Венада ұстады. Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлағандай, оны ұстауға «Нұрбанк» АҚ топ-менеджерлері Жолдас Тимралиев пен Айбар Хасеновті ұрлау және өлтіру фактілері бойынша тергеу материалдары негіз болды.