CaspianLife, 22 маусым — Бұрынғы энергетика вице-министрлері Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Сәдібековтың ісі Нұр-Сұлтанның сотына қайта келіп түсті.
«Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының № 2 сотына Энергетика экс-вице-министрлері Жақсалиев пен Сәдібековке қатысты Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы Қарасу көлін тазарту мен санациялауға бөлінген 2 млрд 680,7 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатты ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс келіп түсті», — делінген соттың хабарламасында.
Бұған дейін қылмыстық іс заң бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтарылған болатын. Нәтижесінде, сотталушылар бірқатар тергеу іс-әрекеттерінен кейін ұрланған ақша сомасы 778 млн теңгеге азайтылған сараптама қорытындысын ескере отырып, сол айып бойынша сотқа тартылды.
21 маусымда алдын-ала тыңдау өтті, онда қорғаушы тарап бұзушылықтар жойылмағандықтан істі прокурорға қайта қайтаруды талап етті. Сондай-ақ, адвокаттар қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
Алайда сот адвокаттардың өтініштерін қанағаттандырудан бас тартты. Басты сот талқылауы 28 маусымға сағат 10.00-ге белгіленген. Сот ашық режимде өтеді.
2018 жылдың наурыз айында мердігерлік ұйымның басшысымен сөз байласу күдігі бойынша бұрынғы энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков ұсталған болатын. Бұл іс Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген бюджет ақшасын ұрлаумен байланысты екені хабарланды.
Сондай-ақ, сол жылдың маусым айында бұрынғы энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев үй қамауында екені белгілі болды. Ол мердігер ұйымның мүддесі үшін лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктенуде.