CaspianLife, 10 маусым — Шетелдік азамат ХҚКО-ға Атырауда уақытша тұруға рұқсат қағазын алуға келгенде ұсталған.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау қаласы Көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматын анықтап, ұстаған.
«Ол Атырау қаласында уақытша тұру рұқсатын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келген. Оның құжаттарын тексеру барысында көші — қон полициясы азаматтың халықаралық іздеуде екенін анықтады», — деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өзбекстанның 32 жастағы азаматы Мордовия Республикасында Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 291-бабының 1-бөлігінде қарастырылған қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Бір жыл бұрын Ресейдің құқық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялаған. Қазіргі уақытта оған Атыраудан ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
CaspianLife анықтамасы: РФ ҚК 291-бабы. Пара беру
- Лауазымды адамға, шетелдік лауазымды адамға не жария халықаралық ұйымның лауазымды адамына жеке өзі немесе делдал арқылы пара беру (оның ішінде лауазымды адамның нұсқауы бойынша пара өзге жеке немесе заңды тұлғаға берілген кезде) — бес жүз мың рубльге дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сотталған адамның бір жылға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерінде немесе параның бес еселенген сомасынан отыз еселенген мөлшерде немесе үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге мәжбүрлеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады