CaspianLife, 9 маусым — 130 автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін 7-11 маусым аралығында өткізілетін «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы екі күнінде анықтаған.
«Екі күннің нәтижесі бойынша 130 автобус жүргізішісіне қатысты құқық бұзушылықтар анықталып отыр. Оның ішінде бір автобус жүргізушісі автокөлікті мас күйінде жүргізгені анықталды. Одан басқа жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өту, жол таңбаларының ережесін бұзу секілді қауіпсіздіктер сақталмаған», — дейді Атырау облысы ПД ЖПқБ бастығының орынбасары Мырзалы Өтеғалиев.
Қала тұрғындары да автобус жүргізушілерінің жол ережесін сақтамайтынына наразы. Қоғамдық көліктердің бір-бірімен жарысуы қалыпты жағдайға айналды дейді олар.
Іс-шара барысында 2 автобус айып тұрағына қойылып, жүргізушілерге айыппұл салынған.