CaspianLife, 7 маусым — Алматы облысының Іле ауданында 3,5 жыл бұрын бес адам қаза тапқан Ан-28 ұшағының апатына қатысты іс бойынша сот аяқталды. East Wing авиакомпаниясының басшысы Василий Масалитин ақталды. Алайда сарапшылар ұшақтың белгісіз ұшу аппаратымен соқтығысқанын анықтаған.
Виталий Масалитиге «абайсызда адамдардың өліміне әкеп соқтырған қозғалыс қауіпсіздігі немесе әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзды» және «басқаруға құқығы жоқ тұлғаға әуе кемесін басқаруға рұқсат берді» деген айып тағылған болатын. Сотта ол кінәсін мойындамады.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында сот сарапшыларының қорытындыларындағы қарама-қайшылықтарға байланысты сот талқылауының жан-жақтылығы мен объективтілігі мақсатында кешенді сараптама (медициналық-криминалистикалық, сот-медициналық, көлік-трасологиялық, заттар мен бұйымдардың жарылыс-техникалық материалдары) тағайындалды. Сарапшылардың пікірінше, «ұшақ ұшу кезінде белгісіз аппаратпен соқтығысқан, ал бұл өз кезегінде ұшқыштар кабинасына әсер етіп, соққы толқынына әкелген». Сол соққының кесірінен ұшқыштар бастан соққы алып, ми шайқалып 10 секундтан жарты сағатқа дейін немесе одан да көп уақытқа естерінен айырылып қалған», — деп хабарлады Іле аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сарапшылардың қорытындысына сүйене отырып, сот Масалитиннің «кінәсі жоқ» деген шешімге келді.
Осыған байланысты сот қылмыстық іс жүргізу кодексінің 44-бабы 1-бөлігінің 3) тармағына сәйкес анықталмаған адамдарға қатысты қылмыстық істі жеке іс жүргізуге бөліп, өзге адамды қудалау қажеттігі туралы мәселені шешу үшін прокурорға жіберді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық іс жүргізу заңын өрескел бұзғаны үшін сот Қазақстанның Бас прокуратурасына жеке қаулы шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 3 қазанында East Wing әуе компаниясының ұшағы аэродромнан 28 шақырым жерде радардан жоғалып кеткен болатын. Кейіннен ұшақ жерге құлап, барлық экипаж мүшелері мен жолаушылардың қайтыс болғаны анықталды. Кейінірек ұшаққа оқ атылды деген болжам пайда болды. Енді, ұшақ белгісіз ұшу аппаратымен соқтығысқан деген болжам айтылуда.