CaspianLife, 2 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысы әкімі мамандандырылған балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді құттықтап, түрлі ойыншықтар таратқан. Алайда, әлеуметтік желіге жарияланған жазбаға, сыйланған ойыншықтарды әкім кеткеннен кейін кері жинап алған көрінеді.
«Бүгін Атырау қаласында балаларды қорғау күні деп жетім, ДЦП-мен ауыратын балаларды шақырып құттықтап, ойыншық берген. Әкім кеткеннен кейін берген ойыншықтарын қайтадан жинап алған. Осындай көзбояушылықты неге жасайды? Әкімдік осылай жасап отырса, басқаларынан не сұрауға болады?», — делінген жазбада.
Авторымен байланысу мүмкін болмады. Мән-жайды білмекке порталымыздың тілшілері мамандандырылған балалар үйіне барды. Мекеменің бас дәрігерінің айтуынша, мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің сыйлығы кішкентайлардың қолдарына берілген.
«Ол сыйлық ретінде есептелгенмен, балаларға нерв жүйесінің психологиялық, сенсорикалық, маторикаларының дамуына арналған ойыншық. Олар ешқайда кетпейді. Кетпеуі де керек, яғни, біздің мекемеде болуы керек. Бүгінгі күні олар балалардың жастарына байланысты топтарға бөлініп, балалар пайдаланып жатыр», — дейді мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Раиса Баймұханова.
Бірақ ол әкімнің қанша сыйлық әкелгенін нақты білмейтін көрінеді, өйткені келген заттарды мекеме меншігіне тіркеп үлгермепті. Бар анығы сыйланған ойыншықтар мекемеден тыс шығарылмайды. Яғни, күндізгі бөлімге келіп ем қабылдайтын 3 бала да әкім берген ойыншықтарды үйлеріне әкете алмайды. Енді мекеме басшылығы күндізгі бөлімге келетін балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп отыр.
Ақпарат көзі: Caspian Life