CaspianLife, 1 маусым — Биыл бірінші рет өткізілгелі отырған әкімдер сайлауына кандидат болу үшін 54 түрлі талапқа сай болу керек. Бұл туралы президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәлік Мурзалин хабарлады.
Мурзалиннің айтуынша, сайлауды 2346 округте өткізу жоспарланып отыр. Аталған округтерде 7,5 миллионнан астам тұрғын бар. Ал мұндай көп халықты басқару үшін де кез келген қызметті, мәселені дөңгелетіп әкететін адамдар керек екенін атап өтті.
«Кандидаттардың сайлауға түсуге сәйкес білімі, еңбек тәжірибесі, біліктілігі болуы тиіс. Бұл елдімекендердің ішінде шағындары да бар. Мысалы, Ақмола облысы Егіндікөл ауданының Абай ауылында 49 адам ғана тұрады. Сол ауыл да әкімін сайлағалы отыр. Ал Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында 50 мыңнан астам адам бар. Мұндай тұрғыны көп ауылды басқару үшін тиісті қабілеттері бар адам керек», — деді Мәлік Мурзалин.
Президент әкімшілігі өкілінің сөзінше, қолданыстағы жергілікті өзін-өзін басқару заңы бойынша ауылдық округ әкімдерінен 54 құзырет талап етіледі.
Оның сөзінше, сайлауға қатысушыларға артылған талап жоғары. Жер қатынастарын реттеп, автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуді қамтамасыз етеді. Шаруа қожалықтары мен фермерліктердің құрылуына ықпал етеді. Елдімекендерді сумен қамтуды ұйымдастырып, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалыққа жауапты болады. Аз қамтылған отбасыларды анықтап, жоғары сатыдағы органдарға оларды жұмыспен қамтамасыз ету және атаулы әлеуметтік көмек төлеу туралы ұсыныстар түсіреді. Еңбекке жарамсыз егде жастағы азаматтарға қызмет көрсетуді ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеді.
Мәлік Мурзалин, 2020 жылы бүкіл Қазақстан бойынша бюджеттің төртінші деңгейі іске қосылғанын да атап өтті. Демек, сайланатын әкімдердің қарамағында айтарлықтай қомақты қаржы болады.
«Ауылдық округтің бюджетіне 5 салықтық және 10 салықтық емес түсім кіреді. Ірі ауылдық округтердің бюджеті 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Осынша ақшаны дұыс басқарып, сыбайлас жемқорлық қатерлеріне ілікпеу үшін дайындығы бар адамдар керек деп ойлаймын. Сондықтан, тиісті біліктілік талаптарының болуы дұрыс», деді ол.