CaspianLife, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «CEREBRUM» биоакустикалық ми түзету клиникасы салтанатты түрде ашылды. Клиниканың жетекшісі – тәжірибелі невролог дәрігер, ерекше баланың анасы Лаура Исаева.
Лаура 2020 жылы «Теңізшевройл» компаниясы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» қолдауымен «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновация қоры» жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасынан пайызсыз несие ұтып алды. Ол сол қаражатқа құрал-жабдық сатып алып, шағын биоакустикалық ми түзету кабинетін ашқан.
Клиникада аутизм, психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген, сал дертіне, Даун синдромына шалдыққан, нейросенсорлық кереңдігі бар, эписиндром және басқа да неврологиялық аурулары бар балалар ем ала алады.
Ем екі бағытта жүргізіледі:
- Биоакустикалық ми түзету — орталық жүйке жүйесінің қызметін дәрі-дәрмексіз қалпына келтіру;
- Транскраниальды және трансвертеребральды микрополяризация — орталық жүйке жүйесі мен перифериялық жүйке жүйесін аппарат арқылы емдеу.
Жүйке ауруларын емдеудегі бұл тәсіл өзінің тиімділігін дәлелдеді. Клиника жетекшісі Лаура Исаеваның айтуынша, бүгінгі күнге дейін клиника 300-ден аса балаға медициналық көмек көрсетіп үлгерген. Олардың басым көпшілігі жақсы нәтижелер көрсетіп, арасында сөйлеп те кеткен балалар бар көрінеді.
«Біздің аймақта неврологиялық ауруларды замануи әдіспен емдейтін клиникалар аз. Невролог маманы ретінде мені бұл қатты алаңдатты. Сол себептен «Жарқыра» жобасына қатысамын деп шештім. Өз жобамды қорғап, қаржылай қолдау таптым, содан клиника ашу мүмкіндігі туды. Алдағы уақытта «CEREBRUM» биоакустикалық ми түзету клиникасы неврологиялық ауытқулары бар көптеген балаларға көмектесетініне сенімдімін», — деді ол өз сөзінде.
«Кішкентай емделушілерге ауыр дертке қарсы күресте көмектесу арқылы орталық қызметкерлері іс жүзінде болашақ ұрпақты қорғап, қоғамымызға маңызды өзгерістер әкеліп отыр. Бұл «Теңізшевройлдың» құндылықтарына сәйкес келеді, сондықтан біз мұндай бастамаларды қолдауға қуаныштымыз. ТШО-ның Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы (ӘИБ) қоғамдастықтың қажеттіліктерін ескереді және білім беру, экономикалық даму және денсаулық сақтау саласын қолдайтын бағдарламаларға бағытталған. ӘИБ шеңберінде соңғы он жыл ішінде 9,5 миллион АҚШ долларына 80 жоба жүзеге асырылды. Тек 2020 жылы ТШО жергілікті тұрғындарға, әсіресе, пандемияның қиын кезеңдерінде көмек көрсету үшін Атырау облысында 10 әлеуметтік жобаға 1,2 миллион АҚШ долларын жұмсады», — деп атап өтті ТШО ҮЖББ бас менеджері Рзабек Артығалиев.