СaspianLife, 31 мамыр — Қару-жарақ, жол талғамайтын 2 көлік, 3 қайық пен 7 қапшық ау құралдары және ішінде бар-жағдайы жасалған күрке. Мұның барлығы Каспий теңізінің Жылыой ауданы аумағындағы бөлігіне тікұшақпен рейд жасау кезінде анықталды.
Рейдке Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері қатысты.
Лагерь Тереңөзек кен орнына жақын, қалың қамыс арасында көзден таса жерге орналастырылыпты. Иесі тыңғылықты дайындалса керек, күрке ішін азық-түлік пен киім-кешекке толтырып, қажетті құрал-жабдықтар мен тіпті қару-жарақ та әкеліп қойыпты. Екі қуатты көлік пен рұқсат етілмеген ау-тор құралдары салынған 3 резеңке қайық және бар. Осы дерек бойынша қажетті құжаттар рәсімделіп, құқық қорғау орындарына жолданатын болады. Ал, инспекция қызметкерлері лагерді бұзып, техника мен жүзу құралдарын тәркіледі.