СaspianLife, 28 мамыр — Нұр-Сұлтанда «Астана LRT»-ге қатысты іске нүкте қойылды. «Астана LRT» компаниясымен жұмыс істеген жеті экс-шенеунік пен компания қызметкерлері 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық Банкте, Ұлттық компанияларда 5 жыл мерзімге дейін жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, 10 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі колонияда өтейді.
Нұр-Сұлтан мәслихатының Экс-хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметте 5 жылға дейін қызмет атқаруға тыйым салынды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сонымен қатар, сот Нұрпейісовті «Құрмет» және «Парасат»ордендерінен айыру туралы шешім қабылдады.
Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, 7 жылға түрмеге қамалды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сот оны тікелей сот залында қамауға алу туралы шешім қабылдады.
«Астана LRT» компаниясымен жұмыс істеген кәсіпорындардың қызметкерлері 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Атап айтқанда, Ұлықбек Ачилов 8 жыл, Тимур Қасабаев 8 жыл, Дулат Мусенов 7 жыл, Даурен Абдыхамитов 7 жыл өмірін темір торда өткізеді.
Бұл іс бойынша сот 2020 жылдың қазан айында басталды. Қылмыстық іс 155 томнан және 8 эпизодтан тұрады.
Айта кету керек, сотталушылар жеңіл рельсті көлік қозғалысына арналған құрылысқа еш қатысы жоқ, олар сол құрылысқа арналған құжаттарды дайындауға қатысқан.