СaspianLife, 28 мамыр — Түркістан облысының Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің тауларында жоғалып кеткен жеті студенттің үшеуі табылды.
«Бүгін, «Казавиаспас» тікұшағы іздеу жұмысы барысында Сайрам – Өгем шатқалында жоғалған жеті азаматтың үшеуін тапты. Табылғандардың жағдайы қанағаттанарлық. Қалған студенттерді іздеу жұмыстары жалғасуда», — деп хабарлады ТЖМ өкілі Талғат Уали.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары жоғалғандардың туыстарымен жұмыс істеуде.
Айта кету керек, 25 мамыр күні кешке Түркістан облысында студенттердің жоғалып кеткендігі туралы хабарлама келіп түскен. Олар 21-мамырда «Сары-Айғыр» шатқалына барып, 24 мамыр күні қайтып келу керек болатын. Бірақ бүгінгі күнге дейін олардан еш хабар болмаған.
Іздестірудің алғашқы тәулігінде құтқарушылар 37 шақырым таулы аймақты тексерді. Бірақ ол еш нәтиже бермеген. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 25 құтқарушысы, 2 квадракоптер мен 7 техника жұмылдырылды.