ПТР тестің құны енді ғана арзанданды. Адам бойында қауіпті вирустың бар-жоғын екі күнде анықтап беретін сынаманы 8025 теңгеге тапсыруға болады. Бұл мүмкіндік тек «Ұлттық сараптама орталығының» Атырау облысының филиалдарында қолданылады. Осыған дейін аталған қызмет құны 11500 теңге тұрған. Ал өңірдегі өзге жеке клиникалардағы бағасы 9000 теңгеден басталып, 17000 теңгеге дейін жетеді. Тіпті, пандемияның белең алған тұсында жеке зертханалардағы тестілеудің бағасы шарықтап, 20000 теңгеге дейін барған еді. Сынақтан сабақ алған денсаулық сақтау министрлігі екінші толқынға дайындық туралы мәлімдемесінде сынама құнының 22 процентке арзандатылатынын айтқан еді. Уәде орындалды.