CaspianLife, 19 желтоқсан — Тәуелсіздік мерекесіне орай Дамбы ауылдық округінде спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді. Қос нысанның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты, деп хабарлайды Caspian Life.
«Мемлекет тарапынан еліміздің дамуына, балаларымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бүгін Тәуелсіздік күніне орай спорттық алаң мен балалар алаңы тарту етілді. Балаларыңыз талай жетістіктерге жетсін деп тілеймін», — деді қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Футбол десе ішкен асын жерге қояр ауыл балалары мен жастары енді су жаңа әрі сапалы көгал үстінде доп қуалайтын болды. Алаңның аумағы ат шаптырым.
Соңғы кездері қалада және оның маңындағы елді мекендерде спорт алаңдары бірінен соң бірі ашылып, боламын деген балаларға көптеген мүмкіндік беруде. Бұл өңірімізде спорт инфрақұрылымының жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын көрсетсе керек.