CaspainLife, 13 мамыр – Бүгін бүкіл әлем мұсылмандары Ораза Айт мерекесін атап өтуде. Қазақстандағы барлық мешітте айт намазы әлеуметтік қашықтықты қатаң түрде сақтай отырып, көшеде оқылды.
Өткен жылы пандемияға байланысты мұсылмандардың ең басты екі мерекесі — Ораза Айт пен Құрбан Айт мерекесін атап өтуге тыйым салынып, айт намаздары оқылған жоқ. Бірақ биыл елде ұжымдық мерекелік намаз оқуға рұқсат етілді, бірақ, тек ашық ауада және эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып деген талаппен.
Атырау облысының мешіттерінде Айт намазы таңғы сағат 7-де басталды. Жұмыс күніне қарамастан, мешіттердің аулаларына ондаған мың мұсылман намаз оқуға жиналды. Бір ғана «Иманғали» орталық мешітінің өзіне бірнеше мың адам келген.
«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күні Атырау облысында 35 мешіт жұмыс істейді, оның жетеуі Атырау қаласында. Ораз Айт қабыл болсын!
Фото: «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметінен