1 сәуірде таңғы сағат 10.00 шамасында «Атырау-Доссор» трассасында «Лада-21901» және Scoda Octavia соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам ауыр жарақат алып, облыстық ауруханаға жатқызылды. Ең көп зардап шеккендердің ішінде 10 айлық сәби бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 21 жастағы «Шкода» жолаушысы жабық бас сүйек-ми жарақатымен жансақтау бөлімшесінде, сол көліктің 26 жастағы жүргізушісі нейрохирургияда. «Шкода»-ның 26 жастағы жолаушысы, «Лада»-ның 36 жастағы жүргізушісі мен 22 жастағы жолаушысы әртүрлі жарақаттармен травматологияда жатыр. Апат болған кезде Scoda Octavia көлігінде 10 айлық сәби болды — ол өте ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесінде жатыр. Ол 3-4 дәрежелі комада, жабық ми жарақаты, ми контузиясы, 3-4 дәрежелі геморрагиялық шок алған.
Атырау облысының полиция департаменті ЖКО фактісі бойынша сараптама тағайындалғанын, ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі (Адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Дереккөз: Azh.kz