1 наурыздан бастап «Нейрон» емханасында мұғалімдер коронавирусқа қарсы екпе ала бастады. Бұл туралы mangystaumedia.kz хабарлайды.
МО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, вакцина алатын адамдардың тізімі жасалды. Вакциналау үшін емханаларда арнайы егу бөлмелері дайындалған. «Бүгін педагогтарға екпе салуды бастап кеттік. Екпені өз еріктерімен алып жатыр.
Алдымен дәрігердің тексеруінен өтіп, жағдайларын анықтағаннан кейін екпеге рұқсат қағазы беріледі. Содан соң, егу кабинетіне барып, вакцина алады. Екпе алғандар арнайы тынығу бөлмесінде 30 минут отырады. Ол жерде арнайы мамандар кеңес береді. Қазіргі уақытта 11 адам вакцина алды. Кері әсері болған жоқ. Жағдайлары жақсы және бірқалыпты», — деді «Нейрон» емханасының бас дәрігері Нина Самаликова.
Мамандардың айтуынша, бүгін вакцина алғандар 21 күннен соң екінші компонентін ала бастайды. Яғни әрбір екпе алатын қызметкерге смс арқылы хабарлама келіп түседі. Екінші компонент алар кезде тағы шақырту хабарламасы келеді. «Бүгін екпе алуға емханаға келіп отырмын. Медицина мамандары өз қызметтерін жасап, күтіп алды. Алдымен тіркегеннен соң, егу кабинетіне жіберді. Егу бөлмесінде біздің көзімізше ампуладан дәрілерді алып, укол салды. Қазір тынығу бөлмесіне келіп отырмыз. 20 минуттай болды. Ештеңе сезініп отырған жоқпын. Қалыпты жағдай. Бұдан қорқудың еш қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Әрбір саналы азамат өзінің болашағы үшін, айналасындағы жандардың амандығы үшін алу керек деп ойлаймын», — деді Ақтау қаласындағы 8-мектептің химия пәнінің мұғалімі Гүлшат Уалиева.