«Нұр Отан» партиясының өкілдері жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарымен айналысуды жалғастырып жатыр. Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер бұл жолы Ақжар селосына атбасын бұрды. Ауыл тұрғындары әп дегеннен дәріхананың жоқтығынан зардап шегіп отырғанын жеткізді. Олар пандемия қаһарына мінген тұста дәрі іздеп қалаға дейін сабылғанын ашына айтты. Әсіресе, көпбалалы және жалғызбасты аналар партия мүшелері алдында базынасын айтудан бас тартпады.
Партия өкілдері халықты сайлауалды бағдарламасымен толықтай таныстырды. Онда Ақжар елдімекеніне спорт алаңдары мен балабақшалар салынатыны қарастырылған.
Досжан БОЛАТБЕКҰЛЫ, қалалық мәслихат депутаттығына кандидат
Өте ауқымды өтті. Ризашылықтарын білдіріп жатыр. Жаңа қоныстану жерлерінде жарықтандыру мәселелері мен балалар ойын алаңдарын салу секілді ұсыныстарын көріп жатырмыз. Әрине, осындай үгіт-насихат кезінде Атырауда қандай өзекті мәселелері барын көзбен көріп, негізгі бағыттарын халыққа түсіндіріп, белсенділік танытуды халыққа насихаттап жүрміз.
Кандидаттар жергілікті тұрғындарды партияның қалалық филиалына шақырып, кез келген проблеманы бірігіп шеше алатындарын жеткізді. Сонымен қатар, сайлау күні белсенділік танытып, дауыс беруге үндеді.
Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясына атыраулықтар тарапынан 500 шамалы өтініш келіп түскен. Енді оның барлығы бір жүйеге келтіріліп, басым бағыттардың қатарында қарастырылады.