Алдағы жылдың алғашқы айында өтетін сайлауға партиялар тыңғылықты дайындығын бастап кетті. Қазіргі уақытта үгіт-насихат жұмыстары жер-жерде қызу жүргізіліп жатыр. Солардың қатарында «Nur Otan» партиясы да бар.
Партия өкілдері әр саладағы мамандармен кездесіп, алыс ауылдарға ат басын бұрып жатыр. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген ірі жобаларды халық арасына таратып, болашақта нақты жоспарлы жұмыстар атқарылатынын жеткізуде. Нақтырақ айтқанда, экономикалық тұрақтылық, жайлылық, әлеуметтік бағдардың айқындығы, жастар, мәдениет, тарих, қауіпсіздік және жергілікті жауапты органдардың ашықтығы – басты назарда.
10 қаңтарға жоспарланған сайлауға байланысты Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қадірбай Жармұханбетов өзінің пікірін білдірді.
Қадірбай ЖАРМҰХАНБЕТОВ, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы
Алғаш рет алдағы мәслихаттар сайлауы партиялық тізім бойынша өтіп, жергілікті жерде саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға зор ықпалы болары анық. Еліміздегі саяси партиялардың жұмысына жан бітіп, саяси-әлеуметтік жаңа бастамалар мен тың идеяларды өмірге әкелуге тың мүмкіндік беріледі.
Әр адам баласы алдағы күндерден бір жаңалық, тосын сый күтетіні белгілі. Мен де 10 қаңтарда өтетін сайлауда өзгерістер орын алатынына сенемін. Менің ойымша парламенттің, мәслихаттардың құрамы 60-70 пайызға өзгеруі мүмкін. Жаңа адамдар жаңа идеяларымен келіп мемлекетіміздің саясатына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Өз басым жаңа депутаттардан үлкен үміт күтемін, лайықты адамдар өтеді деп ойлаймын.
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Ғаділхан Қалиев те сайлау туралы өз ойын айтты. Ол саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қоғамның белсене араласуы қазіргі заманғы өзекті сын-қатерлердің алдын алады деген пікірде.
Ғаділхан ҚАЛИЕВ, Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері
2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауға бірден алты партия, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы», «Бірлік» саяси партиясы», «Қазақстанның коммунистік халық партиясы», «Nur Otan» партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестіктері қатысқалы отыр. Бәрінің де алға қойған айқын мақсаттары және оны жүзеге асыруға арналған жоспарлары, бағдарламалары бары анық. Бірнеше партияның қатысуы алдағы науқанның бұрынғыға қарағанда өзгеше болатындығын көрсетеді. Осының өзі-ақ еліміздің демократиялық бағытпен келе жатқанының дәлелі. Әрі Мәжіліс депутаттарын сайлау елдегі азаматтық қоғамның белсенділігінің артуымен сәйкес келіп тұр. Мұны біз күнделікті өмірімізден, ақпарат көздерінен, әлеуметтік желілерден жақсы білеміз. Қазақстандықтар алдағы науқаннан оң өзгерістер күтеді. Жаңа үрдістер, елдегі өзгерістердің бәрі де сайып келгенде жарқын бастамаларға жол ашады.
Соның ішінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына көңіліміз толады. Одан халықтың жағдайы үшін көптеген жоба жасақталып, жоспарлар құрылғанын көруге болады.
Алдағы сайлау – мемлекетіміздің мойнындағы үлкен жауапкершілік. Оған атүсті қарамай, елдің жарқын болашағы жолында бір адамдай қатысуымыз керек-ақ.