АҚШ президенті Джо Байден Ллойд Остинді қорғаныс министрі етіп тағайындайтынын мәлімдеді. Егер оның кандидатурасын конгресс қолдаса, Остин Пентагонды басқаратын алғашқы афроамерикалық атанбақ.
Заң бойынша Пентагон басшысы қызметіне тағайындалатын адам отставкада кемінде 7 жыл болуы тиіс. 67 жастағы Остин зейнетке тек 2016 жылы шыққан. Сол себепті, оған жаңа лауазымға отыру үшін конгрестің қос палатасының қолдауы керек болады.
Америка ақпарат құралдары Ллойд Остинді «көпшілік көзіне түсуден қашқақтайтын адам» деп сипаттайды. Ол 2013–2016 жылдары АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскерін бақылайтын орталықта қарулы күштер басқармасының жетекшісі қызметін атқарған.
Байден өзі ұсынған үміткерді «Америкаға қажет адам» деп оның кандидатурасын тезірек мақұлдауға шақырды. Сыншылар жақында ғана отставкаға кеткен генералды жоғары лауазымға тағайындау орынсыз шешім деп отыр. Одан өзге, Джо Байден қаржы министрінің хатшысы қызметіне алғаш рет әйел адамды тағайындамақ. Ал АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігін иммигрант басқармақ.