Биыл жазда Маңғыстауға келген туристердің саны артқан. Барлығы дерлік – қазақстандықтар. Мұның бірінші себебі пандемия болса, екіншісі нарықта пайда болған лоукостердің әсерінен туындады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Fly Arystan» әуе компаниясының баспасөз хатшысы Ләззат Набиева мәлім етті.
Оның айтуынша, халық әуе билеттерін теміржол билетінің құнымен бірдей бағаға сатып ала бастады. Осылайша, 21 маусымнан бастап еліміздің тұңғыш отандық лоукостері – «FlyArystan» әуе компаниясы Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе мен Орал қалаларынан Ақтауға дейін әуе билеттерін 4999 теңгеден бастап сата бастады.
Аталған лоукостер соңғы 4-5 ай ішінде Каспий өңірінің 140 мыңдай жолаушысына өз қызметін ұсынды. Келешекте бағыттардың саны көбейген сайын ұсынылатын қызметтердің саны да артады.
Қазіргі таңда тұрақты рейстерді «Airbus A 320» әуе лайнерлері орындап жүр. Лоукостер флотында олардың саны 7 болса, оның екеуі Атыраудан батыс қалаларды өзара байланыстырады. Ұшақтар эконом-класты 180 орындықпен жабдықталған. Оларды 10 жылдық тәжірибесі бар кәсіби ұшқыштар жүргізеді.
Ләззат НӘБИЕВА, «Fly Arystan» әуе компаниясының баспасөз хатшысы
Қолжетімді әрі жоғары сапалы қызметтерді ұсына отырып, бюджеттік компания билеттерді ертерек flyarystan.com сайтында немесе компанияның мобильді қосымшасында брондауға кеңес береді. Себебі, сатылым 2021 жылдың 27 наурызына дейінгі сапарларға ашық. Сондықтан мейрам және демалыс күндерге арзан билеттер таусылуы мүмкін. Сондай-ақ минималды баға құнына әуе сапар мен 5 келі қолжүгі ғана кіретінін ескертеміз. Барлық қосымша қызметтерді жолаушылар бөлек сатып алулары қажет.