Мемлекеттік мекемелердегі ту мен елтаңбаға жасалатын күтім көңіл көншітпей тұр. Мұндай кем-кетікті мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия өңірдегі алты ауданда жүргізген мониторингілеу барысында анықтады.
Олардың берген мәліметтеріне сүйенсек, кемшіліктер тексерілген 221 мекеменің 74-інде байқалған. Енді бұл ескертулердің нәтижесінде мекеме басшылығы рәміздерді жаңасына ауыстыруы тиіс. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында қалада мемлекеттік рәміздің маңызын түсіндіретін орталықтар ашылды. Оны әдістемелік оқулықтармен толықтыру үшін Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жариялаған. Ал бұл жауапкершілікті «Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қоры мойнына алып отыр.