ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысына келді. Ол іс сапары барысында «CASPI Bitum» БК» ЖШС битум өндіру зауытының жұмысымен танысты. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
«Қаражанбас» кен орнынан мұнай алып отырған «CASPI Bitum» БК» ЖШС битум өндіру зауыты 2019 жылға дейін 1 590 тонна жол битумын өндірген. Нұрлан Ноғаев жол битумын өндірушілердің жұмысын жақсарту үшін Энергетика министрлігі қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР Энергетика министрі
Мемлекеттік сатып алулардың кешігуіне байланысты жол салушылар көктем мен жаз айларында битумды жаппай сатып ала бастайды. Сол арқылы битумға деген сұраныс артты. Бұл өз кезегінде бағасы сатушы мен сатып алушы арасындағы нарықтық қатынастармен реттелетін өнімнің құнына әсер етеді.
Осыған байланысты құрылыс маусымы кезінде битум бағасы өседі. Ал қыс айларында сұраныс пен баға төмен болады. Энергетика министрінің айтуынша, жол салушылар жыл бойы битуммен біркелкі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл өнімнің бағасын төмендетіп, жол битумын өндірушілердің технологиялық процестеріне оң әсер етеді.
Айта кетейік, «CASPI Bitum» БК» ЖШС – ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысында инвестиция есебінен салынған және табысты іске асырылған алғашқы кәсіпорын. Мекеме ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған еді.
Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Министр электр және жылу энергиясын өндіруге және дистиллят дайындауға арналған 10 турбиналық агрегат, 13 қазандық орнатылған 2-ші Жылу электр орталығына (2-ЖЭО) да табан тіреді. Содан соң дистиллят өндіру зауытына барды. Онда теңіз суын тұщыландыру технологиясы және кешеннің тиімділігін арттыру жоспарлары сөз болды.
Сонымен қатар, министрге 1999 жылдан бастап бөлшектеу және көму алдында 50 жыл бойы консервациялау және ұстау режимінде тұрған БН-350 жылдам нейтронды өнеркәсіптік реакторын пайдаланудан шығару жөніндегі жұмысы баяндалды. Ақтау қаласында сұйық металл жылу тасымалдағышы бар БН-350 жылдам нейтронды өнеркәсіптік реакторы 1972 жылғы 29 қарашада іске қосылып, бір жылдан кейін Маңғыстау энергия жүйесіне қосылған еді. БН-350 реакторлық қондырғысы ширек ғасыр жұмыс істеді.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жұмысымен танысқан Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.