«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Мақат ауданында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Өңірге бағдарлама аясында 3 жобаға қаражат бөлінген. Соның ішінде аудан орталығы – Мақат кентінің 12 көшесіне жарық орнату үшін республикалық және облыстық бюджеттен жалпы көлемі 95 млн теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек жоба аясында кентішілік автокөлік жолдарына күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүруде.
Болатбек СӘРСЕН, Мақат ауданы әкімінің орынбасары
Бірінші жобамыз – Мақат кентінде 12 шақырымдық көшені жарықтандыру жұмыстарын жүргізу. Қазір аталған жұмыстардың 80 пайызы аяқталып тұр. Енді тансформаторларды қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны да осы қараша айының соңында іске қосу жоспарланып отыр.
Біраз жылдан бері күрмеуін таппаған жол мәселесі де жоба аясында шешілуде. Ой-шұңқырға толы жерлер жөнделіп, тас жол бұрын-соңды асфальт көрмеген көшелерге де төселіп жатыр. Бес жарым шақырым автокөлік және 3 шақырым тротуарға күрделі жөндеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен 288, ал облыстық бюджеттен 32 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға көппәтерлі тұрғын үйлерге аулаішілік жол салынбақ.
Болатбек СӘРСЕН, Мақат ауданы әкімінің орынбасары
Қазіргі таңда «Болашақ», КПД 1, 2, 3 және 7, 8 үйлерінің аулаішілік жолдары салынды. Осы қараша айында жаңа 68 үйліктің ауласы, сонымен қатар, КПД 4 үйінің ауласы, және КПД 5-тің ауласын бітіру жоспарда тұр. Сонымен қатар, КПД 1,2,3 үйлердің кіреберіс жолдарын бітіреміз деген ойдамыз.
Аудан орталығына қарасты 42-бөлімше, Бостандық, Шахатов, Жангелдин, ағайынды Телішевтер, Аманбердиев, Төлекбаев көшелерінде осы күнге дейін жол мәселесі бітпейтін жырға айналып келген еді. Көп күттірмей мәселенің күрмеуі шешіліп, биыл аталған көшелерге тақтадай тегіс жол төселді. Бұл 15 шақырымдық асфальт және 3 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жолды қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Осылайша, кент құрылғалы бері бүгінге дейін жөндеу көрмеген көшелер жаңаруда. Жаз бойы шаң жұтып, белуардан батпақ кешіп шаршаған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Аталған жұмыстар толығымен желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Құрылыстың сапасы мен орындалу мерзімі қатаң қадағаланады. Бағдарлама аясында 15 адам жұмыспен қамтылған.