АҚШ-тағы президент сайлауында берілген дауыс санын есептеу басталды. Сайлауға қазіргі президент, республикашыл Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент, демократ Джо Байден түсті.
Штаттардағы сайлау учаскелері жабылды. АР агенттігі сайлау нәтижесі белгілі деген штаттарда нақты қай үміткер жеңетінін болжай бастады. Олардың мәліметінше, Байден 9 штатта жеңіске жетсе, Трамп 7 штатта басымдыққа ие болған. Жеңімпаз сайлаудың ресми қорытындысы жарияланғаннан кейін ғана белгілі болады. Ақпарат құралдары жекелеген учаскелердегі дерек негізінде ғана болжам жасайды.
Биылғы таңдауда 97 миллион адам мерзімінен бұрын дауыс берген. Көптеген бюллетень пошта арқылы жіберілгендіктен дауыс санау бірнеше күнге созылуы мүмкін. Жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде көпшілік Байденді қолдаған. Америка халқы президент сайлауы аясында өкілдер палатасындағы 435 орын мен сенаттағы 100 орынның 35-іне кім отыратынын да анықтайды. Олар 11 губернатор мен жергілікті билік тармақтарындағы түрлі қызмет иелерінен үмітті кандидаттарға дауыс береді.