Пандемия қытығына тиіп, кәсібінен береке кеткендердің бірі – атыраулық Бауыржан Көбеев. Карантин салдарынан салығын уақытында төлей алмағандықтан дүние-мүлкіне шектеу қойылып, зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.
Қызығы, кәсіпкер қарызын екі апта бұрын өтеп, шектеудің жойылғаны жөнінде анықтама алған. Алайда электронды жүйеге ешқандай өзгеріс енгізілмепті. Соның кесірінен жеке мүлкін сата алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр.
Бауыржан КӨБЕЕВ, кәсіпкер
Салық департаменті тек өздері қойған шектеуді алып тастай алатынын айтты. Әділет департаментіне барғанда да сол әңгіме. Енді сол қағазбен салық органына қайтып келдім, олар маған базаның жұмыс жасамай тұрғаның айтпады. Мен барлық қажет органдарга қоңырау шалсам да, бәрі күту керектігін айтады. Ал қанша күтетінім белгісіз. Бүгін түстен кейін қоңырау шалғанда да базаның жасамауы себепті ешқандай әрекет жасай алмаймыз деді.
Ал салық департаментіндегілер камера алдында жауап қатудан бас тартты. Бар айтқандары – техникалық ақаудың қашан реттелетіні белгісіз. Енді жүйе қалыпқа келтірілмейінше, кәсіпкердің тасы өрге домаламасы анық.