Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы «Алтын бесік» жекеменшік балабақшасының бірнеше қызметкері 2017 жылдан бері тиісті еңбекақысын ала алмай жүр. Көп жыл өтсе де, жұмысшылардың қолына көк тиын бұйырмапты. Ал бөбекжайды жалға алғандар түрлі сылтау айтып, жауапкершіліктен қаша берген.
Қызметкерлердің айтуынша, үш жылдан бері бір адамның алуы тиіс ақшасы жарты миллионға жеткен. Ал мұндай 13 қызметші бар.
Бөбекжай үш жыл бұрын 60 бүлдіршінмен ашылып, кейін саны 95-ке жеткен. Алайда кәсіпкер 20 жұмысшысы бар ұжымды тығырыққа тіреп, балабақшаны жауып тастаған. Ғимаратты жалға берушіні де тақырға отырғызған.
Алмагүл БАЙМҰХАМЕДОВА, жалға беруші
2020 жылға дейін маған 6 млн 800 мың теңге қарыз. Жұмыс істеуге 5 айға дейін мүмкіндік берген жоқ. Қарыз сұраушылар келе берді.
Жұмысшылар жанайқайын ауыл әкіміне жеткізіп, көмек сұраған. Себебі, қожайындары жалақының кешіктірілуіне әкімдіктің субсидияны бермеуі себеп депті.
Әлібек ӨТЕГЕНОВ, Маңғыстау ауылының әкімі
2018 жылы 21 млн 340 мың теңге толық төленді. 2019 жылы 30 млн 95 мың аударылды. Біздің «Алтын бесік» балабақшасының алдында қарызымыз жоқ. Әкімшілік ақшаны бермей жатыр деп көрсеткен екен. Біз қаражатты толық төледік.
Жекеменшік балабақшаны жалға алушымен телефон арқылы сөйлесу мүмкін болды.
Жансая АБДУЛЛАЕВА, жеке кәсіпкер
Маған толық 20 күн уақыт берсе, бөліп-бөліп төлеп құтыламын. Банктегі есептерім бұғатталған. Негізі, несие алып төлеп бергім келген. Іс сотқа кеткен соң, кредитке қол жеткізе алмай отырмын.
Дегенмен жұмысшылар кәсіпкердің сөзіне сенуден қалған. Өйткені, еңбекақының дауы күні кеше шыққан жоқ. Бұған дейін құзырлы орындарға шағым түсіргендер енді сотқа жүгінеміз деп отыр.