Әзербайжан мен Армения 18 қазаннан бастап гуманитарлық мақсатта атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын. Бұл шешім Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның Минск тобына кіретін елдердің мәлімдемесінен кейін қабылданған еді. Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі «келісім қаза болған әскерлердің денесін майдан алаңынан алып кету және тұтқындармен алмасу мақсатында қабылданды, бірақ қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз» деген болатын. Алайда бұл көпке бармады. Екі тарап бір түн өтпестен «атысты тоқтату туралы шешімді бұзды және артиллериялық атысты жалғастырды» деп бір-бірін айыптай бастады. Армения қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әзербайжандар солтүстік бағытта артиллериялық оқ атып, оңтүстікте зымыран ұшырған. Ал Әзербайжан билігі болса, Армения күштері Джебраил мен Араз өзені маңындағы ауылға оқ жаудырды деп мәлімдеді. Құрбан болған бейбіт тұрғындар саны да артып келеді. Азаматтық инфрақұрылымдарға зақым келіп, соның зардабын шегіп отырған отбасылар да аз емес. Соған байланысты Еуроодақ тұрғындар мен азаматтық ғимараттарға оқ атуға қатаң тыйым салып, екі тарапты қайтадан келісімге келуге шақырды.