Мақат ауданында праймеризге қатысуға 44 адам өтінім берген. Олардың 17-сі – әйелдер болса, 21-і – жастар. Үміткерлердің арасында білім, спорт, теміржол, мұнай, баспасөз саласының мамандары және көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кәсіпкерлер бар.
Аудандағы жария пікірсайыс қыркүйектің 15-і мен 17-сі аралығында өтті. Мінберде сөз сөйлеген әр қатысушы өзі туралы мағлұмат беріп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Қатысушылар өңірдегі ең өзекті және өткір мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Бұдан соң қарсыластар бір-біріне сұрақ қойып, пікірталас тудырды. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы келген сауалына жауап берілді.
Үміткерлердің 38-і жария пікірсайысқа қатысуға ниет білдірген. Қай-қайсысы да Мақатта қауіпсіз әрі ыңғайлы өмір сүру үшін бар жағдайдың жасалғанын қалайды.
Мақаттағы жария пікірсайыс кезеңінде санитария талаптарының сақталуына баса көңіл бөлінді. Ендігі кезекте барлық қатысушыны үлкен науқан күтіп тұр. Халықтың мүддесін қорғап, ел дамуына үлес қосамыз деген үміткерлерге енді оны орындау зор міндеті тұр.