Атырауда жаза басқандар қашықтан білім алады. Оларға мұндай мүмкіндікті Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұсынып отыр.
Нақтырақ айтсақ, енді жазасын өтеушілер үш мамандық бойынша білімін жетілдіреді. Ағылшын тілі, кәсіпкерлік негіздері және психологиядан арнайы крустан өтеді. Негізі, бас бостандығынан айырылғандардың көп бөлігі – жоғары білімі барлар. Соған қарамастан, жаңалыққа бей-жай қарамай, өздерін жетілдіруге талпынып отыр.
Қазір жобаның қалай жүргізілетіні талқыланып, ыңғайлы орын дайындалып жатыр. Нақтысы – сабақтардың онлайн түрде өтеіні. Ол үшін бейнесабақтар мен интерактивті тақталар дайын.
Думан ТӘЖЕНОВ, УГ 157/9 мекемесінің бастығы:
– Менің ойымша, мұнда алған білімдер бостандыққа шықққаннан кейін қажет болады. Бұл өте жақсы ұсыныс, сол үшін қуана қабылдадық. Біздің бұл ісіміз өзге облыстағы мекемелерге де үлгі болады деп есептеймін. Себебі, мұндай мүмкіндік жабық мекемелерде қарастырылмаған.
Бұл жоба бойынша жоғары оқу орны мен УГ 157/9 мекемесі арасында меморандумға қол қойылған. Университет басшылығы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтып отыр. Енді оқу орнының брендтік құралдарын осы калонияға тапсырыс беріп тіккізбекші.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА, С.Өтебаев атындағы АтМГУ ректоры:
– Университеттің қолөнер бұйымдарына деген сұранысы түрмедегілерге жалақы алуға және салық төлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, киімдер мен сувенирлерді біз келген қонақтарға да ұсынып, бұл саланың дамуына бірге үлес қоса аламыз.
Қазір түзету мекемесінде 300-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олар берілген мүмкіндіктің арқасында жаңа қырынан танылып, уақытын тиімді өткізеді деген үміт мол.