Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде спорт кешендері жөндеуден өтті. Бұл туралы аудан әкімінің кеңесшісі Адайбек Қалиевке сілтеме жасап Маңғыстаумедиа мәлімдеді.
Көп жылдардан бері жөндеу көрмеген күрес залына биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген 44.240 млн теңге бөлініп, оған «Нұрлы жол Сервис» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Адайбек ҚАЛИЕВ, Маңғыстау ауданы әкімінің кеңесшісі:
– Күрес залының толықтай шатыры ауысты. Залдың іші-сырты сырланды. Ішіне линолеум жайылды. Бокс залына да сондай жөндеу жүргізілді. Жуынатын бөлме дайындалып, су жеткізілді. Барлық жылу, су құбырлары ауыстырылды. Залдың сырты қоршаумен қоршалып, жаттығу құралдары қойылды. «Мантеком» ЖШС бұл жұмыстарды 56.890 млн теңгеге жүргізді. Аталған жұмыс барысында әр серіктестік 20 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамтыды.
Сонымен қатар, стадион ішіне көрермендер үшін 600 орындық қойылып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін арнайы 2 200 шаршы метр жерге жүгірме аппараты қойылады. Қазіргі таңда үлкен және шағын футбол үшін қақпалар мен газонды тазалайтын көлік алынған. Алдағы уақытта жарық бағаналары орнатылып, стадион сырты қоршаумен қоршалатын болады. Әкім кеңесшісінің айтуынша, бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржы толықтай игеріліп, қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы орындалған.