CaspianLife, 27 қараша. Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова сталкинг пен спайкингке қарсы күресті күшейтуді ұсынды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына жолдаған депутаттық сауалында ол қолданыстағы заңнамада әлі де бірқатар олқылық бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, аңду, қорқыту, әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз мазалау және сусынға жасырын түрде қауіпті зат қосу азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілген. Депутат бұл норманың қолданылуына қатысты статистиканы да келтірді.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашадағы жағдай бойынша сталкинг фактілері бойынша 570 қылмыстық іс тіркелген. Оның 193-і сотқа жолданды», – деді Айжан Аймағанова.
Депутаттың пікірінше, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз.
«Заңда сталкинг үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Алайда бұл шара жеткіліксіз. Өйткені аңду әрекеттері бірнеше айға созылып, тіпті полиция араласқаннан кейін де тоқтамауы мүмкін. Сондықтан жәбірленушілерді қорғаудың тиімді тетіктерін енгізу қажет», – деп атап өтті депутат.
Депутаттық сауалдағы екінші мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз сусынға немесе тағамға жасырын түрде қауіпті заттар қосу әрекеті. Мұндай жағдайда жәбірленуші өз-өзін қорғай алмайтын күйге түсіп, қылмыскерлерге жыныстық зорлық-зомбылық пен тонау сияқты ауыр қылмыстар жасауға мүмкіндік туады.
Алайда қолданыстағы заңнамада мұндай әрекет жеке қылмыс құрамы ретінде қарастырылмаған.
«Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және басқа да қылмыстарға бастайтын алғашқы қадамға айналады. Қазір мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін ғана қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал адамның келісімінсіз оған жасырын түрде қауіпті зат қосу әрекетіне заң тұрғысынан толық баға берілмеген», – деп түсіндірді Айжан Аймағанова.
Депутат адамның келісімінсіз оған жасырын түрде қауіпті зат енгізгені үшін, ауыр зардаптардың орын алуын күтпей-ақ, жеке қылмыстық жауапкершілік белгілеу қажет деп санайды.
Сонымен қатар ол спайкингтің таралу ауқымын зерттеп, токсикологиялық сараптама жүргізу мен дәлелдерді тіркеудің нақты алгоритмін әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, полиция мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттігін айтты.
Депутаттың пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты тек кінәлілерді жазалаумен шектелмеуі керек. Ең басты міндет – азаматтарды қылмыс құрбаны болу қаупінен қорғау.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: ашық дереккөздерден

