CaspianLife, 27 қараша. Атырау облысы еліміздің басты өнеркәсіптік өңірі мәртебесін сақтап қалды. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында мұнда 14,3 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Рейтингтегі өзге өңірлердің көрсеткіші Атырау облысынан айтарлықтай төмен. Екінші орында 4,7 трлн теңгемен Қарағанды облысы тұр. Үшінші сатыға 3,7 трлн теңге көрсеткішімен Павлодар облысы жайғасқан. Төртінші орында – Астана қаласы (3,4 трлн теңге), бесінші орында көршілес Маңғыстау облысы (3,3 трлн теңге). Осылайша, өнеркәсіп өндірісі бойынша үздік бестікке батыс өңірдің екі облысы енді.
Жалпы, қаңтар-қазан айларында елімізде 58,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,5 пайызды құрап, өсім 3,5 пайызға жетті. Көрсеткіш еліміздің 20 өңірінің 16-сында өскен.
Өнеркәсіп өндірісінің өсімі бойынша шикізаттық емес, оңтүстік және солтүстік-шығыс өңірлер алға шықты. Атап айтқанда, Жетісу облысында өсім 29,9 пайызды, Түркістан облысында 23,8 пайызды, Алматы қаласында 21,5 пайызды, Алматы облысында 19,4 пайызды, Жамбыл облысында 17,8 пайызды құрады.
Өндіріс көлемі бойынша көшбасшылар қатарындағы Павлодар облысында өсім 8,2 пайыз, Қарағанды облысында 4,3 пайыз, Маңғыстау облысында 4,4 пайыз болған.
Жалпы көрсеткішке өңдеу өнеркәсібі негізгі үлес қосты. Бұл саладағы өндіріс индексі 109,3 пайызды құрады. Әсіресе жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 59,5 пайызға, фармацевтикалық өнім өндіру 50,9 пайызға артқан.
Сондай-ақ машина жасау саласында 22,2 пайыз, химия өнеркәсібінде 21,9 пайыз, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 18,1 пайыз өсім тіркелді. Автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі 30,5 пайызға, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6 пайызға өскен.
Ал тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс индексі 96,6 пайызды құрады. Электр энергиясымен, газбен және бумен жабдықтау саласында бұл көрсеткіш 111,3 пайызға, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9 пайызға жетті.
Фото: stat.gov.kz

