CaspianLife, 27 қараша. Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «Хакер Атырау» лақап атымен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты үкім шығарды. Ол бұған дейін Жангелдин ауылындағы отбасын өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев туралы ақпаратты желіде таратқан. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Ер адамға бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айып тағылған. Тергеу барысында 12 адам жәбірленуші деп танылған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асқан. Оның 11 миллион теңгеден астамын сотталушы өтеген.
Бас бостандығын шектеу жазасынан бөлек, сотталған азаматқа пробациялық бақылау белгіленіп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.
Судья Эльмира Ойқұлова қалған шығынды өтеу тәртібін түсіндірді.
«Екі жәбірленушіге келтірілген залалдың қалған сомасы сізден өндіріп алынады. Сонымен қатар өтелетін залал сомасының 1 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж мемлекет кірісіне өндірілсін. Үкім заңды күшіне енген күннен бастап залалды өз еркіңізбен өтеу үшін сізге бір ай мерзім беріледі. Егер көрсетілген соманы белгіленген мерзімде төлемесеңіз, қарыз мәжбүрлі түрде өндірілетін болады», – деді судья.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА, Атырау
Сурет иллюстрациялық мақсатта қолданылған. ChatGPT (OpenAI) көмегімен жасалған.

