CaspianLife. 24 қараша. Вице-президент Ерлан Қарин Президент жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі болып тағайындалды. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жаңа құрылым аналитикалық және социологиялық зерттеулердің нәтижелерін сараптамалық тұрғыдан пысықтаумен айналысады. Топ жетекшісінің орынбасарлары болып Аида Балаева мен Әсет Ерғалиев, ал хатшысы болып Жандос Шаймарданов тағайындалды.
Топ құрамына Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, сондай-ақ Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірқатар мүшесі енді.
Ақорда мәліметінше, сарапшылар тобы Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылады.
«Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобы – Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының тұжырымдамалық тәсілдері мен басымдықтарын сараптамалық тұрғыдан пысықтау мақсатында құрылатын Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Топтың негізгі міндеттері – тұжырымдамалық тәсілдерді айқындау және сараптамалық тұрғыдан пысықтау, аналитикалық, социологиялық және форсайт-зерттеулердің нәтижелерін талқылау. Топтың жұмыс органы – Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты», – деп хабарлады Ақорда.
Топ отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі. Оларға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ топ құрамына кірмейтін өзге де мамандар қатыса алады.

