CaspianLife, 18 қараша. Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының (ПРК-1) бірінші кезеңі аяқталды. Кен орнында газды кері айдау жүйесінің алтыншы компрессоры іске қосылды. Бұл туралы кен орнын игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы хабарлады.
Жобаның негізгі мақсаты – қабат қысымын тұрақты ұстап тұру, сұйық көмірсутектер өндірудің қол жеткізілген деңгейін сақтау және Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ конденсатты кен орындарының бірін тиімді игеруді жалғастыру.
Қорлар игерілген сайын қабаттағы қысымды сақтау қажеттілігі арта түседі. Осыған байланысты Қарашығанақта қосымша компрессорлық қуаттар салынып, ілеспе инфрақұрылым жаңғыртылды. Алтыншы компрессор ПРК-1 жобасының негізгі нысандарының бірі саналады. Ол газды қайтадан қабатқа айдау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұған дейін жоба аясында бесінші компрессор іске қосылған болатын. Ал алтыншы компрессордың пайдалануға берілуі жобаның бірінші кезеңін толық аяқтады.
Жобаның аяқталуына орай кен орнында ресми рәсім өтті. Оған Энергетика министрлігінің, «PSA» ЖШС-нің, Батыс Қазақстан облысы және Бөрлі ауданы әкімдіктерінің, Қарашығанақ жобасына қатысушы компаниялардың өкілдері мен КПО басшылығы қатысты. Қонақтар өндірістік нысандарды аралап, жаңа жабдықтың жұмысымен танысты.
КПО бас директоры Марко Марсили жобаның сәтті жүзеге асуын компания мамандарының, мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестердің бірлескен жұмысының нәтижесі деп бағалады.
Оның айтуынша, ПРК-1 ауқымды әрі күрделі жоба болған. Дегенмен команда жұмысының үйлесімділігі, Қазақстан Үкіметі мен акционерлердің қолдауы арқасында құрылыс белгіленген мерзімде әрі қауіпсіз аяқталған.
Жиынға қатысушылар КПО компаниясының жұмысын жоғары бағалап, кен орнын одан әрі дамытуға табыс тіледі. Компания өкілдері жаңа өндірістік қуаттардың Қарашығанақты ұзақ мерзімді игеру және өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қарашығанақ кен орнын Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18%), LUKOIL (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) компаниялары кіретін консорциум игеріп жатыр.
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

