CaspianLife. 17 қараша. Үкімет мердігерлерге қойылатын талаптарды күшейтіп, отандық өнімді пайдаланатын компанияларға жеңілдіктер беруді жоспарлап отыр. Бұған мемлекет қазақстандық тауарларды сатып алуға миллиардтаған теңге бөлгенімен, биылғы тоғыз айда жергілікті өндірушілермен жасалған келісімшарттардың көлемі 8%-ға азайғаны себеп. Ал қатты пайдалы қазбалар секторындағы компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өнімнің үлесі небәрі 17%-ды құрайды.
Бюджет қаражатының шетелге кетуіне жол бермеу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жобаларға сараптама жүргізу талаптарын күшейтіп, әкімшілік жауапкершілікті арттыруды ұсынды. Сонымен қатар «Атамекен» мемлекеттік инвестиция есебінен салынатын нысандарда қазақстандық қамту үлесін 60%-дан асыратын мердігерлерге шартты жеңілдік беруді және отандық өнімнің іс жүзінде қолданылуын қатаң бақылауды ұсынып отыр.
«Ішкі нарықты сұр импорттан, демпингтен және контрафактілік өнімдерден қорғау үшін мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру жұмысын күшейту қажет», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев.
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қаражат есебінен шетелдік тауарларды сатып алу отандық өндірісті қолдау саясатына қайшы келетінін атап өтті.
«Егер біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны қазақстандық компания игеруі керек. Сол қаражатқа сатып алынатын материалдар мен өнімдер де отандық болуы тиіс. Ал оның орнына импорттық тауарлар әкелінсе, мұндай әрекеттер мемлекеттік бюджеттің мүддесіне тікелей қайшы келеді. Бұл туралы қатаң түрде айту қажет», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр алдағы уақытта жүзеге асырылатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасында жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалануға ерекше назар аударуды тапсырды. Бағдарламаға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Үкіметтің мәліметінше, қазақстандық зауыттар құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың 73%-ын қамтамасыз етуге қауқарлы.
Бұдан бөлек, Үкімет импортты алмастыратын өнімдер бойынша 2027 жылға арналған офтейк-келісімшарттар жоспарын бекітуді тапсырды. Бұл кәсіпорындарға өнім өткізуге кепілдік беріп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен отандық өндірушілердің алдында әлі де бірқатар кедергі бар. Кәсіпорындар тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімінің ұзаққа созылатынына шағымданады. Осыған байланысты Үкімет бұл процесті үш ай ішінде толыққанды мемлекеттік қызмет форматына көшіруді тапсырды.
Брифинг барысында журналистер мемлекеттік қызметшілердің өздері отандық киім киетін-кимейтінін сұрады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков костюмінің толықтай қазақстандық өнім емес екенін айтты. Оның сөзінше, киімнің матасы шетелден әкелінгенімен, өзі Қазақстанда тігілген және құны 100 мың теңге. Ал аяқ киімі, өкінішке қарай, шетелдік өнім.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев қазақстандық өнімді ұнататынын, оның сапасын жоғары бағалайтынын және отандық тауарларды өзі де насихаттап жүргенін жеткізді. Айтуынша, тағып жүрген галстугы – отандық өнім, оның құны 40 мың теңге. Ал аяқ киімі Қарағандыда тігілген және 60 мың теңге тұрады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: adyrna.kz

