CaspianLife. 9 қараша. Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Бұған қала тұрғындарының жағымсыз иіс пен ауаның ластануына қатысты шағымдары себеп болған.
Тексеруді облыстық прокуратураның тапсырмасы бойынша мамандандырылған Табиғат қорғау прокуратурасы бастады. Оған экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдері де қатысып жатыр.
Мамандар зиянды заттардың ауаға шығарылу көлемін, эмиссия нормативтерінің сақталуын және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға бағытталған шаралардың орындалуын тексеруде.
Тексеру 8 қазанға белгіленіп, 30 жұмыс күніне жоспарланған. Қазір мамандар қорытынды әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі бойынша прокуратура заң талаптарына сәйкес шешім қабылдайды.
Нұрбибі Теміртасова, Атырау

