CaspianLife. 9 қараша. QazaqGaz Қашаған кен орнының газын өңдейтін, жылына 2,5 млрд текше метр қуаты бар зауыт салу туралы EPCC келісімшартына қол қойды. Бұл туралы LS хабарлады.
Келісімшарт нысанды жобалауды, жабдық жеткізуді, құрылысты жүргізуді және пайдалануға беруді қамтиды. Құжатқа QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың Қытайға жұмыс сапары барысында қол қойылды.
Тапсырыс беруші тарапынан QazaqGaz Processing еншілес ұйымы әрекет етті. Ал мердігер ретінде China National Chemical Engineering Sixth Construction Company компаниясының Қазақстандағы филиалы, China Wuhuan Engineering Corporation Ltd., AVC Production және C-NRG (Синерджи) компанияларынан құралған консорциум таңдалды.
Компанияның мәліметінше, зауыттың іске қосылуы Қашаған кен орнынан өндірілетін шикі газды өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі нарыққа тауарлық газ, сұйытылған көмірсутек газы мен күкірт жеткізу көлемі ұлғаяды.

