CaspianLife. 23 қазан. NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг жасанды интеллект дәуірінде адамның жетістігі ең алдымен оның амбициясына және жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға дайындығына байланысты болатынын айтады. Ол бұл пікірін Астанада өткен Fireside Chat форматындағы кездесуде білдірді. Кездесу барысында алдағы бес жылда жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы туралы сұрақ қойылды.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект қызметкерлерге көмекші бола ма, әлде адамдардың еңбек нарығындағы сұранысын төмендете ме деген сауал қойды. NVIDIA басшысы шешуші фактор адамның дамуға және үлкен жетістіктерге ұмтылысы екенін айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект пен робототехника түрлі сала мамандарының мүмкіндіктерін едәуір кеңейте алады.
«Шын мәнінде маңыздысы – адамның амбициясы бар ма, жоқ па, сол. Егер амбицияңыз болса, жасанды интеллект пен робототехника сізді биікке көтеріп, бұдан да көп жетістікке жетуге мүмкіндік береді. Егер фермердің мақсаты үлкен болса, роботтар оған шаруашылығын жүргізуге көмектеседі. Ал фермер өз кәсібін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол аша алады. Егер ғалымның амбициясы болса, жеке жасанды интеллект көмекшісі оның зерттеу аясын кеңейтеді. Ал инженер жасанды интеллектінің көмегімен әлдеқайда жетілдірілген инженерлік шешімдер әзірлей алады», – деді Дженсен Хуанг.
Жаслан Мәдиев амбиция мен шығармашылық әлеуетті бала кезден қалыптастырудың маңызын атап өтіп, мектептегі білім беру туралы сұрақ қойды.
«Біз жасанды интеллектіні мектептер мен университеттерге енгізіп жатырмыз. Алайда жұртты бір мәселе алаңдатады: жасанды интеллект балалардың терең ойлау қабілетін дамытуға қалай көмектеседі? Оның орнына балалар технологияға соқыр сенім артып, бәрін дайын күйінде алуға үйреніп кетпейтініне қалай көз жеткіземіз?» – деп сұрады министр.
Хуанг бұл жағдайда да көп нәрсе баланың өз талпынысына байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, бала көбірек білім алуға ұмтылса, жасанды интеллект оған көбірек білуге көмектеседі. Ал аз күш жұмсағысы келсе, технология оны одан әрі жеңіл жолға бейімдеуі мүмкін.
«Ата-ана ретінде біздің міндетіміз – балалардың бойына үміт ұялатып, олардың амбициясын оятып, үлкен армандарға ұмтылуына ықпал ету. Адам биік мақсат қойса, жасанды интеллект сол мақсатқа жетуге қанат бітіреді. Бұл балаларға да, ересектерге де, компаниялар мен тұтас мемлекеттерге де қатысты. Ел басшылары, корпорация жетекшілері мен ата-аналар адамдарды батыл болуға және ауқымды ойлауға баулуы керек. Ал жасанды интеллект сол амбицияларды жүзеге асыруға қажетті күш береді», – деп түйіндеді Дженсен Хуанг.

