CaspianLife. 23 қазан. Маңғыстауда ауқымды қайта жаңғыртудан кейін жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 9 мың шаршы метрді құрайды. Бұл бұрынғы вокзалдан 11 есе үлкен. Жаңа кешен тәулігіне 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал жазғы маусымның қарбалас кезеңінде бұл көрсеткіш 4 мың адамға дейін жетеді.
Ғимаратта жолаушылардың кедергісіз қозғалуына ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 6 лифт, 2 эскалатор және 5 траволатор орнатылған. Кең күту залдары мен билет кассалары бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдай жасалған.
Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Қарақат Жақановтың айтуынша, вокзалда жолаушыларға арналған қосымша қолайлы орындар да қарастырылған.
«Жолаушылар үшін ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ ұзақ уақытқа аялдап, басқа пойызға ауысатын адамдарға арналған демалыс аймақтары бар. Кафетерий ашылды. Қызметкерлерге де қажетті жұмыс жағдайы жасалған. Екінші қабатқа шығатын баспалдақтар мен эскалаторлар заманауи талаптарға сай. Ғимарат пен вокзал маңы аумағының жобасы шынымен де сәтті шықты», – деді ол.
Вокзал Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Ғимараттың айналасында 160 көлікке арналған автотұрақ жасалып, аумақ көгалдандырылған. Ашылу салтанатында жергілікті тұрғындар мен теміржол саласының ардагерлері жаңа нысан өңір тұрғындарына ұзақ жыл қызмет етеді деген сенім білдірді.
Кешеннің сәулеттік келбеті Маңғыстау табиғатымен үйлесім тапқан. Ғимараттың қасбеті мен ішкі қабырғаларына теңіз толқындары мен өңірдің табиғатын бейнелейтін өрнектер салынған.
Теміржол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, алдағы уақытта перронды жаңарту және үшінші жолға шығатын конкорс салу мәселелері қарастырылады.
«Перронға қатысты шешім кезең-кезеңімен қабылданады. Мұнда екі негізгі мәселе бар. Біріншісі – перронның өзі, екіншісі – үшінші жолға шығатын конкорс салу. Қазір бұл – біздің басты міндетіміз», – деді облыс әкімі.
Вокзалды мемлекеттік қаржыландыру есебінен «АқжолҚұрылыс» ЖШС салған. Жаңартылған кешен жолаушыларға қызмет көрсете бастады.
Аружан СИСЕНОВА, Маңғыстау облысы
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі



