CaspianLife. 16 қазан. Атырауда теміржол вокзалын жөндеу кезінде жазатайым оқиға болды. Бейресми мәлімет бойынша, жұмысшылардың бірі бес метр биіктіктен құлап кеткен. 42 жастағы ер адамның жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап отыр.
Оқиға 15 қазанда түске таман болған. Зардап шеккен азамат бірден облыстық ауруханаға жеткізілді.
Атырау облыстық ауруханасының басшысы Ербол Иманғалиевтің айтуынша, науқастың бас-миы ауыр жарақаттанған. Сонымен қатар омыртқасы мен жұлын зақымданған.
«Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы аса ауыр. Кеше қажетті ота жасалды. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді ол.
Оқиғаға байланысты желілік полиция бөлімі еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр. Ал еңбек инспекторлары арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Облыс орталығындағы теміржол вокзалы ғимаратын жаңғырту жұмыстарын «Батыс Альянс Строй» компаниясы жүргізіп жатыр.
Нурбиби ТЕМИРТАСОВА, Атырау

