CaspianLife. 15 қазан. Премьер-министр Олжас Бектенов катарлық Power International Holding холдингімен бірлескен жобаларды жандандырып, нысандардың уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бұл мәселе компания басшылары Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаятпен өткен кездесуде талқыланды.
Тараптар газ өңдеу және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Power International Holding бірқатар бірлескен энергетикалық жобаға қатысып жатыр.
Қашаған кен орнында газ өңдеу бағытында жылына 1 миллиард және 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін екі зауыт салу жоспарланған.
Алғашқы газ өңдеу зауытында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі жабдықтарды жеткізу жұмыстары да аяқталуға жақын. Зауытты 2027 жылы іске қосу жоспарланған.
Екінші газ өңдеу зауыты әзірге негізгі құрылыс кезеңіне дайындық сатысында. Жобаны инженерлік жобалау, жабдықтау және құрылыс жұмыстарын кешенді түрде жүзеге асыратын (EPC) мердігер анықталған. Нысанды 2030 жылы аяқтау көзделіп отыр.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – газ тасымалдау инфрақұрылымы. Холдинг «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салуға қатысып жатыр. Қазір жобалау жұмыстары жалғасып, қажетті жабдықтар мен материалдар жеткізілуде. Жобаның бірінші кезеңін 2027 жылы, екінші кезеңін 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
Кездесуде телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық пен осы бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту перспективалары да талқыланды.
Үкімет басшысы аталған жобалардың барлығы бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет қажетті қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді жедел шешуге дайын.
Холдинг басшылары өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүдделі екенін растап, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.
Дереккөз: primeminister.kz

