CaspianLife.14 қазан. «Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығының алты аталымы бойынша шорт-листке енген журналистер мен жобалардың тізімі жарияланды. Үміткерлер үздік тележүргізуші, деректі жоба, телевизиялық материал, әлеуметтік жоба, телесериал және ақпараттық-сараптамалық бағдарлама аталымдары бойынша іріктелген.
«Үздік тележүргізуші» аталымы бойынша КТК арнасынан Ерлан Сенкебаев, 24KZ арнасынан Гүлнара Жандағұлова, «31 каналдан» Лимара Салих және «Евразия» бірінші арнасынан Вероника Вишневская үміткерлер тізіміне енді.
«Үздік деректі жоба» аталымында Euronews Kazakhstan арнасының «Спустя 200 лет в Казахстан вернулись дикие лошади керкуланы», 24KZ арнасының орган трансплантациясы туралы «4739» жобасы, «Евразия» бірінші арнасының «Арал: қайта оралған үміт» және ҚР Президентінің Телерадиокешенінің «Тамшы» жобалары ұсынылды.
«Үздік телевизиялық материал» аталымы бойынша Qazaqstan арнасының «Қарқынды құрылыс», «Евразия» бірінші арнасының «Автомектеп: қауіпсіз жолға бастар алғашқы қадам», Atameken Business арнасының «Уақытпен жарысқандар» және Turkistan TV арнасының «Жетімдер үйіндегі жалғыз ананың тағдыры» материалдары үздіктер қатарынан көрінді.
«Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бағыттары бойынша төрт жоба іріктелді. Олар: Jibek Joly арнасының «Правда в деталях», Almaty TV арнасының «Архитектор», Qonaev TV арнасының «Таза мекен» және Atameken Business арнасының «AntiFake» жобалары.
«Үздік телесериал» аталымы бойынша «31 каналдың» «ТОР», Астана TV арнасының «Ауыл бапкері», КТК арнасының «Молчание» және НТК арнасының «105» телесериалдары ұсынылды.
Ал «Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» аталымында «Qyzyljar» СҚО филиалының «112 Солтүстік», Almaty TV арнасының «Әділдік алаңы», «7 каналдың» «Новости» және КТК арнасының «Вечерние новости» бағдарламалары шорт-листке енді.

