CaspianLife, 1 қазан. Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері CASA теміржол жобасын бірлесіп пысықтауға келісті. Жоба Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістанды теміржол арқылы байланыстырып, Пәкістанның теңіз порттарына шығуға мүмкіндік беруді көздейді.
Тиісті өзара түсіністік туралы меморандумға Қазақстан мен Өзбекстанның көлік министрліктері және БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі қол қойды.
Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінше, жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық тасымал, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Үш елдің министрліктері жобаның техникалық және экономикалық негіздемесін зерделеп, қажетті инфрақұрылымды дамыту мүмкіндігін бағалауды жоспарлап отыр.
Министрлікте атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстанның дамыған теміржол инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуеті бар. Ал БАӘ көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында халықаралық тәжірибеге ие.
Бұған дейін Пәкістан Қазақстанға Карачи, Касим және Гвадар порттарының инфрақұрылымын пайдалануды ұсынған болатын. Аталған порттар Араб теңізінің жағалауында орналасқан.
Дереккөз: forbes.kz

