CaspianLife, 1 қазан. Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтіп, жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу арқылы мұнай өңдеу көлемін жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KIOGE 2026 көрмесінде Энергетика министрлігінің өкілі Дәулет Арықбаев мәлімдеді.
Жаңа кешеннің қуаты жылына 10 млн тоннаға дейін болады. Оны 2033 жылға дейін іске қосу жоспарланған. Қазір Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы төрт ықтимал алаң қарастырылып жатыр. Өңір жыл соңына дейін таңдалады.
Сонымен қатар қолданыстағы зауыттардың қуаты 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін арттырылады. Шымкент МӨЗ-інің қуатын 2030 жылға қарай 12 млн тоннаға, Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай 9 млн тоннаға жеткізу көзделген. Атырау мұнай өңдеу зауытында өңдеу көлемі 2028 жылға қарай 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайтылады.
Мұнай өңдеу көлемінің өсуіне байланысты шикізат жеткізетін инфрақұрылым да кеңейтіледі. Атап айтқанда, Қазақстан–Қытай мұнай құбыры жүйесін жаңғырту, жаңа мұнай айдау станцияларын салу және Кенқияқ–Атырау бағытының өткізу қабілетін арттыру жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Caspi Bitum зауытының қуаты 1,5 млн тоннаға жеткізілді. Қазақстанда Jet A-1 авиациялық керосинін өндіруді жолға қою жоспарлануда.
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80 пайызы экспортқа шығарылады. Оның негізгі бөлігі Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады.

