Caspianlife, 25 қыркүйек. Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсету үшін арнайы қор құрылды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.
Бес лауазымды тұлға ұсталды
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ұсталғандардың қатарында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскер ротасы мен «Қайсар» катерінің командирлері бар. Күдіктілер Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бірқатар лауазымды тұлға күдікті деп танылды. Тергеу шаралары жалғасуда. Кінәлі тұлғалар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Тергеу оқиғаға қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтап, ұстау мақсатында жалғасып жатыр. Сонымен қатар тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайлардың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделенуде.
Қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету қоры құрылды
Арнайы қор құру мәселесі Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында қаралды.
Қорда мемлекет тарапынан берілетін өтемақылар мен төлемдерден бөлек, ірі кәсіпкерлер мен меценаттардың қаражаты да жинақталады. Маңғыстау облысының әкімдігі түскен қаражатты қаза болғандардың отбасылары арасында толық әрі ашық бөлуді тұрақты бақылауға алды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі 815 млн теңге жинаған.
«Қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен сарбаздарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайы мен себеп-салдарлық байланыстарды анықтап жатыр.
Тергеу барысында оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, болған жағдайға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу мен сот нәтижесінде кінәсі анықталған адамдар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы


