CaspianLife, 15 қыркүйек. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы мұнай айдау көлемі тамыз айында 6,288 млн тоннаға жетті. Бұл тәулігіне шамамен 1,6 млн баррельді құрайды және шілдедегі көрсеткіштен 22%-ға жоғары. Бұл туралы Reuters агенттігіне мұнай-газ саласындағы екі дереккөз мәлімдеген, деп хабарлайды Forbes Kazakhstan.
Көрсеткіштің өсуіне Қара теңіздегі мұнай жөнелту жұмыстарының қалыпты режимге оралуы әсер етті. Танкерлерге жасалған шабуылдар саны айтарлықтай азайған.
Ал шілде айында жағдай керісінше болды. Теңіз терминалынан CPC Blend маркалы мұнайды жөнелту көлемі 5,172 млн тоннаға, яғни тәулігіне 1,32 млн баррельге дейін төмендеген. Кемелерге жасалған шабуылдарға байланысты мұнай тиеу жұмыстары бірнеше рет тоқтатылған.
Тамыздағы өсімге негізінен Қазақстандағы мұнай кен орындары үлес қосты. Олардың КҚК құбыры арқылы жөнелтілген мұнай көлемі 4,6 млн тоннадан 5,7 млн тоннаға дейін артты. Айлардағы күн санының айырмашылығын ескергенде, өсім шамамен 25%-ды құрады. Ал Ресей мұнайының көлемі 4%-ға төмендеп, 550 мың тоннаға түсті.
Сегіз айдың қорытындысы да аса оптимистік емес. Қаңтар-тамыз аралығында Қара теңіздегі терминал арқылы 44,8 млн тонна мұнай тасымалданған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 48,9 млн тоннадан шамамен 8%-ға аз.
Болжам бойынша, қыркүйек айында көрсеткіш қайта төмендейді. Мұнай айдау көлемі тәулігіне шамамен 1,5 млн баррельге дейін түсуі мүмкін. Reuters агенттігі мұны Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында жүргізілетін жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.
Қазіргі таңда КҚК бағытына Қазақстанның жалпы мұнай экспортының 80%-дан астамы тиесілі. Құбыр жүйесіне мұнай негізінен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан түседі.
Дереккөз: Forbes Kazakhstan

